Петропавлда су тасқынынан зардап шеккендер жаңа жатақханаға көшті

Петропавлда тасқыннан зардап шеккендер жаңа жатақханада тұрады.

Бұған дейін мектеп кабинеттері мен спорт залдарында орналасқан тұрғындар енді бөлек бөлмелерге жайғасты. 

Бірлік Баекин әйелі, бес баласымен бір мезетте баспанасыз қалды. Олардың Ойқала ықшам ауданындағы үйі әлі суда тұр. Бұған дейін мектептердің біріне жайғастырылған отбасы бүгін жаңа жатақханаға көшіп келді.    

Бірлік Баекин, қала тұрғыны:

- Үй түгелімен суға кетті. Шатырнан дейін Енді шатыры көрініп тұр. Бір мезетте енді айырылып қалдық. Орын, жер таңдайтын уақыт емес. Енді осыған мыңда көп рақмет. 

Колледждің жаңа жатақханасына тасқыннан зардап шеккен 195 отбасы орналасты. Бұған дейін олар қаланың 7 мектебінде тұрып келген. Енді баспана мәселесі шешілгенше осында болады. 

Қалия Төренова, қала әкімінің орынбасары:

- Жатақхана толық жабдықталған. Төсек-орын, жиһаздың бәрі жаңа. Әр бөлмеде асүй мен дәретхана бар. Енді ыдыс-аяқтарын әкеліп береміз. Тұрғындарға осында ыңғайлы болады деп шештік. 

Бұл жерге жедел жәрдем мен полиция қызметі кезекшілікке қойылды. Қазір волонтерлер тұрғындарға гуманитарлық көмек тасып жатыр. Ал тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға қаладан тағы бір жаңа жатақхана беріліп жатыр. Онда 250 орын бар. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков