Әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға арналған бағдарлама іске қосылды

Halyk Bank пен «Даму» қоры әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға арналған «Үміт» бағдарламасын іске қосты.

Сол арқылы іскер нәзік жандылар екінші деңгейлі банктен қаржыландыруға ие болады. Несиенің мақсаты айқын. Ал рәсімдеу жеңілдетілген.

«Үміт» бағдарламасы арқылы қаржылық қолдау кәсібі бар іскер әйелдерге және шаруаны жаңа бастағандарға да жасалады. Несиенің ең жоғары сомасы 100 миллион теңгеге дейін. Субсидияны қоса алғанда үстемақы 7-8%-пен есептелген. Қаржылық қолдау инвестиция мақсатында және айналымның ауқымын арттыруға арналған.

Нұрсұлтан Абдолла, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- «Үміт» бағдарламасының мүмкіндігі жоғары және ауқымы кең болады деп ойлаймыз. Бірінші кезекте 100-ден аса әйелдің кәсіпкерлік жобасы қолдау табады. Бұл ақша қайтарымды болғандықтан, алғашқы қаражат игерілген соң немесе несие төленгеннен кейін қолдау келесі іскер әйелдерге жасалады.

Бұл Halyk банктің алғашқы бастамасы емес. «Үміт» бағдарламасына бөлінген қаражаттағы банктің үлесі 50%-тен асады. Бұл дегеніміз – отандық кәсіпкерлікті қолдауға үлкен үлес қосып жүрген қаржы институты мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арасындағы сенімді серіктестіктің дәлелі.

Дәурен Сартаев, «Қазақстан халық банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Еліміздегі әйелдер кәсіпкерлігі, әсіресе шағын кәсіпкерлік саласында белсенді дамып келеді. Бізде екінші деңгейлі банктердің қалыптасқан операциялық моделі бар. Кәсіпкерлер қысқа уақытта ашық әрі ешқандай кедергісіз, кез келген өңірден мемлекеттік қолдауға ие бола алады.

«Үміт» бағдарламасы аясында нәзік жандыларды тегін оқыту да жоспарланған. Осы арқылы іскер әйелдер өзінің қаржылық сауаттылығын арттырып, кәсіпті тиімді жүргізудің қыр-сырын үйренеді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев.