Ұлытау облысындағы этномәдени бірлестіктер аккредитациядан өтеді

Алдағы күзге дейін Ұлытау облысындағы барлық этномәдени бірлестіктер аккредитациядан өтеді.

Бүгінде олардың саны – 8. Бұл туралы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ІІ сессиясында айтылды. Отырыста сонымен қатар аталған бірлестіктерді қаржыландыру тетіктері талқыланды.

Аркадий Побединский Серке театрында музыка маманы болып жұмыс істейді. Бірнеше аспапты меңгерген ол әлем ертегілерін қазақша сөйлетіп жүр. Осы еңбегі үшін жақында ғана Президенттің қолынан «Шапағат» медалін алды. Этносаралық байланысты дамытуға қосқан оның үлесін облыстық ассамблея мүшелері де ерекше атап өтті.

Аркадий Побединский, С.Қожамқұлов атындағы музыкалық драма театры қуыршақ труппасының аккомпаниаторы:

- Қазақ тілін үйренуге ешқандай қиындығы жоқ. Өзім бала кезімде Қарсақбай кентінде дүниеге келіп, мектепте 4-сыныптан бастап жақсы сөйлей бастадым. Ол, ең біріншіден, сол мектептегі менің мұғалімдерімнің арқасында. Соларға көп рақмет айтқым келеді.

Халқының саны 220 мыңнан сәл асатын облыста 50-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың арасындағы бірлік пен ынтымаққа кешегі су тасқыны кезінде тағы бір көз жетті. Бір мақсатқа жұмылған еріктілер мен ассамблея жастары гуманитарлық көмек жинауға елеулі үлес қосты.

Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:

- Көктемгі су тасқыны кезінде ассамблея мүшелері үлкен еңбек атқарды. «Жүректен жүрекке» акциясы аясында біздің өңір Қостанай облысына 40 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Кәсіпкерлермен бірге этномәдени бірлестіктер, ерікті жастар мен ассамблея мүшелері осы жұмысқа белсенді араласты.

Отырыста этносаралық қатынасты нығайту және этномәдени бірлестіктердің жұмысын жандандыру үшін тоқсан сайын есептік жиын өткізу келісілді. Ассамблея бекіткен қағидаға сай тамыз айының соңына дейін өңірдегі барлық этномәдени бірлестіктер аккредитация тапсырады.

Дархан Мұхан, қоғамдық даму басқармасының басшысы:

- Былтыр бізде үздік этномәдени бірлестіктер байқауы өтті. Бұл байқау енді дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Болашақта осы бірлестіктерді гранттық қаржыландыру жүйесі қалыптасатын болады.

Сессия қатысушылары тарапынан жастар тәрбиесіне қатысты ұсыныс-пікірлер айтылды. Соңында қайырымды ісімен өзгелерге үлгі болып жүрген ассамблея мүшелері облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды.

Авторлары: Елдос Кәкенов,  Гүлшаһира Серекбаева.