Жас сарбаздар абаттандыруға атсалысып жүр

13 сәуірден бері Астанада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты ауқымды экологиялық науқан жүріп жатыр.

Бұл апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналады. 5 аптаға жалғасатын игі іске белсенді жастар да атсалысып жатыр.

«Жас сарбаз» патриоттық қозғалысының студенттері «Киелі мекен» ұранымен өтіп жатқан апталықтың бұл шеңберіне белсенді қатысып жатыр. Экоакция аясында 50-ден астам «Жас сарбаз» жауынгері Сарыарқа даңғылында орналасқан Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдиновтің ескерткішінің маңында тазалық жұмыстарын жүргізді.

Мәншүк Исаева, «Біріккен мұражайлар дирекциясы» МКҚК қызметкері:

- Елордамыз Астана қаласында барлығы 117 ескерткіш бар. Оның 46-сы мемлекет қорғауында. «Киелі мекен» апталығы басталғалы елордада 40-тан астам ескерткіш тазартылды.

Жастар экологиялық науқан аясында мәдени мұра нысандарының қасбеттерін, ескерткіштер мен іргелес аумақтарды ретке келтіру бойынша тазалық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Көп күшімен жасалынған игі іс елдің көңілінен шығып отыр. Мемлекеттік қуыршақ театрының басшысы: «табиғатты аялаудың астарында тәрбиенің терең тамыры жатыр», – дейді.

Тоғжан Хасанғалиева, «Мемлекеттік қуыршақ театры» МКҚК басшысы:

- Бұл – қалаға, Отанға деген махаббатымыздың айырықша көрінісі және өскелең ұрпаққа,жастарға өз жеріңді аялап, қамқор болуға, таза ұстауға баулитын жақсы үлгі.  Ең бастысы – бұл жерге деген құрмет пен махаббат. Себебі бұл жерде біздің балаларымыз, болашақ ұрпақ өмір сүреді.

Астанадағы ауқымды науқан 5 аптаға созылады. Олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналған. Яғни, «Жасыл аймақ» деп аталатын үшінші апта ағаш отырғызу мен көшеттерді әктеуге арналса, «Мөлдір бұлақ» деп аталатын бесінші аптада өзен-көлдердің маңайы қоқыстан тазартылады. «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының студенттері: «науқан аяқталғанға дейін аянып қалмаймыз», – деп отыр.

Авторы: Әлішер Әли.