Елде отбасын қолдайтын орталықтар көбейеді

Елдегі отбасын қолдау орталықтары бірыңғай халықаралық стандартқа сәйкес жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды 24KZ.

Ол үшін қазір Мәдениет және ақпарат министрлігі тиісті әдістеме әзірлеп жатыр. Алдағы 3 жылда мұндай мекемелердің санын 130-дан асыру жоспарланған.

Астаналық Маржанкүл Нұрлыбаева – жалғызбасты ана. Оның мүгедектігі бар 16 жастағы қызына «Жанұя» отбасын қолдау орталығының мамандары жәрдемдеседі. Тіпті мереке күндері сыйлықтар беріп, баласының көңілін көтеріп тұрады. Жалпы бұл мекемеде психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетіледі.

Маржанкүл Нұрлыбаева, қала тұрғыны:

- Бұл жанұя маған көп көмек берді. Мысалы, азық-түлікпен, қызыма киім әперді. Психологпен сөйлестім мен. Психологпен сөйлесіп, қызым да сөйлесті. Бұрынғы «нервный» болғаннан, қазір кішкене жақсардым. Жақсы көмек береді. Бірінші келгенде қиналып келгенмін. Құжатпен көмектеседі, біздей жандарға көмектескендеріне көп рақмет деймін.

Бүгінде орталық, тағдыр тауқыметіне тап болған 300 отбасыға тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Мұнда психолог, заңгер және әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді. Ал демеушілер материалдық мұқтаждығы бар жанұяларға көмегін аямайды. Жалпы орталыққа жүгінетіндердің қатарында  тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер де бар.

Құралай Жанұзақова, «Жанұя» отбасын қолдау орталығы директорының орынбасары:

- Қазіргі таңда ашылған кезеңнен бастап бүгінгі күнге дйін 200 мыңнан астам азамат өз сұрақтарына жауаптарын алды. Қиын жағдайдағы азаматтар, ол дегеніміз – мүгедектігі бар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырғандар, көпбалалы отбасы, аз қамтылған отбасы, орталыққа әр сұрақ бойынша азаматтар жүгіне алады.

Қабылданған «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты» заңға сәйкес, енді мұндай мекемелердің мәртебесі артады. Қазір елімізде осындай 68 орталық бар. Оның 13-і мемлекеттік, қалғаны үкіметтік емес ұйым ретінде жұмыс істеп келеді. Алайда бұл жеткіліксіз, – дейді мамандар.

Найла Мұхтарова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары:

- Жалпы осы отбасын қолдау орталықтарға бүгінге дейін 100 мыңнан аса консультациялық жұмысты жүргізген болатын және біздің пайымдауымызша, бұл, әрине, үлкен цифра болғанымен, әлі де көп жұмыс атқару қажет. Сондықтан барлық өңірде орталықтарды көбірек ашып, ол жерде жұмыс істейтін сапалы қызметкерлердің оқуын, біліктілігін жоғарылату жұмыстарын біз міндетті түрде жүргізу керекпіз. Өйткені елде отбасы саны көп және олардың әртүрлі проблемалары бар.

Мәдениет және ақпарат министрлігі елдегі отбасын қолдау орталықтарының санын көбейтуді көздеп отыр. Алдағы 3 жылда қиын жағдайға немесе тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғандарға көмек көрсететін 130-дан астам мекеме салу жоспарланды.

Авторы: Альмира Оразбай.