Су тасқыны. Атырау алаңдаулы

Атырауда Жайықтың деңгейі күннен-күнге көтеріліп келеді.

Бүгін өзен деңгейі тағы 8 сантиметрге жоғарылап, жалпы 459 сантиметрге жетті. Ал қауіпті меже 550 сантиметр.

Өңірдегі ахуалды әріптесім Асланбек Шығыр тікелей эфирде баяндап береді. Ол қазір Индер ауданында жүр.

Біз қазір Индер ауданының орталығы Индербор кентіндеміз. Жоғарыдан келе жатқан су алдымен осы Индер ауданы арқылы өтеді. Содан кейін Махамбет ауданы арқылы облыс орталығына жетіп, Теңізге құюы керек.

Қазір ауданның тасқынға қарсы дайындығы қарқынды. Жалпы жоба бойынша 18 шақырым бөгет салынуы керек еді. Бірақ аудан бұл межені 30 шақырымға дейін жеткізген. Жаға бекіту жұмыстары толық аяқталды.

Жалпы Индер ауданында бір тәулікте су деңгейі 32 сантиметр көтерілді. Ал енді сағат 12:00-дегі ақпарат бойынша 6 сантиметрге өскен. Жалпы қазір 756 сантиметрге жетті. Қауіпті меже – 845 сантиметр.

Қазір менің жанымда Индер аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Әділ Қоңқаев тұр.

Әділ Батырғалиұлы, ауданның тасқынға дайындығы қалай? Қандай қауіпті аумақтар бар?

Әділ Қоңқаев, Индер аудандық ТЖБ бастығы:

Судың деңгейі гидробекеттерде 4 сағат сайын алынып отыр. Аудан басшылығы жағдайды үнемі бақылауда. Тасқын су көрші жатқан Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауылы арқылы келеді. Ол жақта бір тәулікте су деңгейі 51 сантиметрге дейін көтерілген. Ауданда қазір эвакуациялық пункттер де дайын тұр. Жағдай әзірге тұрақты.

Асланбек Шығыр, 24.KZ, Атырау облысы