«Таза Қазақстан». Кімнің «Жасыл көшеде» тұрғысы келеді?

Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында «Жасыл көше» байқауы басталды.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында өтетін шарада тұрғындар өзара сынға түседі. Олар өзі тұратын көшені күл-қоқыстан тазалап, абаттандырады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, игі іс өскелең ұрпаққа үлгі болады.

Жалағаш кентіндегі Бұқарбай батыр атындағы көшенің тұрғындары көктем шыға тал-теректің күтімін жасауды әдетке айналдырған. Жазда сая болатын ағаштың түбін қопсытып, әктеп, зиянкестерден қорғайды.

Зүбайраш Кәрімова, кент тұрғыны:

- Жеміс болсын, басқа болсын көгерсе болды, егіңдер деп немеремізге еккіздік. Оқушылар, кішкентайларымызға дейін қолына бірнәрсе беріп, жатқан қағазды алып жүріңдер, жатқан бірдеңелерді жинап жүріңдер деп үйретеміз ғой енді.

«Тазалық табалдырықтан басталады». Бұл көшенің жастары үлкендер айтқан осы қағиданы берік ұстанады. Расында үй маңында қылаудай қоқыс жоқ. Бұл соңғы 6-7 жыл көлемінде қалыптасқан үрдіс, - дейді үлгілі көше тұрғындар.

Батырбек Шаймағанбетов, кент тұрғыны:

- Үлкен кісілеріміз ақылдарын айтып, осындай бірнәрсе ұйымдастырмадыңдар ма, не істейсіңдер деп бізге айтады. Сосын осы жерде ағаларымыз бар, інілеріміз бар, ойласып, бір мәмілеге келіп, бәріміз сол нәрселерді ұйымдастырамыз.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында басталған «Жасыл көше» байқауы аудан тұрғындарын ынталандырған.

Арнұр Нұрмағанбетов, аудан әкімінің орынбасары:

- Акция басталғалы біз барлық елді мекенді қамтып отырмыз. Осы жергілікті жерге бейімделген 10 мыңнан астам көшет егілді. Барлық елді мекендерді қоса алғанда, сонымен қатар 5 мың тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылды.

«Жасыл көше» байқауының жеңімпаздары арнайы аталым бойынша қаржылай марапатқа ие болады. Тазалық шарасын ерекше мазмұнда өткізуді көздеген жалағаштықтар жасыл желек аумағын еселеп арттыруды көздеп отыр.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхаммед Байділдаев, «24.KZ», Қызылорда облысы.