Жаңа Су кодексі нені міндеттейді?

Судың да сұрауы жетті.

Енді су нысандарының меншік иелері әр бес жыл сайын жан-жақты сараптама жүргізуге міндетті болмақ. Су кодексінің жаңа жобасы тіршілік нәрінің экологиялық ахуалына барынша қамтуға тиіс.

Яғни меншік иесі судың сарқылмауы үшін тиісті шаралар жүргізуге міндетті. Жаңа кодексте суды әділ бөлу тетіктері де  қарастырылған.

Былтыр елдегі бассейндік инспекциялар 537 су нысанының жағдайы сын көтермейтінін анықтады. Бұлардың қатарында жекеменшік қолдағы объектілермен қатар, коммуналдық баланстағы су қоймалары да бар. Оларды жөндеуге әкімдіктерде қаржы жоқ. Сондықтан басқарудың тиімді жолын табу маңызды болып тұр. Мәселен, қазір Ұлытау облысында су қоймаларын бір мекемеге қарату жұмыстары жүріп жатыр.

Ұлытау облысы 

Қуат Имантүсіпов, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Әкімдіктер өз қаражаты негізінде оны күтіп ұстауға әкімдіктердің мүмкіндігі жоқ. Біз енді жаңағыдай мекеме құрғаннан кейін жаңағы мекеме тек қана су нысандарын, плотиналарды, өзен арналарына санация жасау деген сияқты, осындай мәселелермен тікелей айналысады. Және бізге эмиссиядан түскен қаржыларға осы су нысандарын күтіп ұстауға негіз бар бізде.  

Су нысандарының мемлекеттің меншігінде болғаны дұрыс дейді Мәжіліс депутаттары. Алайда, оларды бабында ұстауға қыруар қаражат қажет. Сондықтан барлық су қоймаларын мемлекет қарамағына алу мүмкін емес. Әйтсе де, меншік иелерінің жауапкершілігі күшейеді. Су кодексінің жаңа жобасында жауапты тұлғалардың міндеттері айқындалған. 

Ерболат Сатыбалдин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Су бөгенінің егесі оны алады, суды бөгейді, сол жерден су алады пайдаланады. Ал енді айдынының өзінің жағдайы қалай? Оның тұнбасын кім тазалап отыруы керек? Оның маңайындағы тазарту жұмыстары кім жүргізіп отыруы керек? Көгалдандыруды кім жүргізуі керек? Осы мәселелер айқындалмаған. Сондықтан бөліп айтқан кезде су бөгенін алған адам, объектінің өзін, демек, су айдынына да жауап беруі керек.  

Сәкен Әтел, ҚР СРИМ Су шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:

- Әзірленіп жатқан Су кодексіне келетін болсақ, ол жерде әр меншік иелеріне былайша айтқанда ответственность күшейтіліп жатыр. Оларға әр бес жыл сайын көпфакторлы зерттеу жүргізу қажет болады. Сол зерттеу нәтижесі бойынша анықталған ақауларды түзету міндеттеледі.  

Су қорын сақтап, оның экологиялық жағдайын қалыпта ұстау қоғамдық бақылау арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ тіршілік нәрінің тең бөлінуі де арнайы кеңестер арқылы қадағаланады.

Ерболат Сатыбалдин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 - Мемлекеттің меншігінде болғаны дұрыс, идеалды. Бірақ бұл су шарашылығының саласы қаражатты өте көп қажет ететін болғандықтан, бұның бір жағынан күтіп ұстау, қарау мәселелері бойынша барлық сол суды пайдаланушылардың бәрі бірігіп, түгел мемлекеттен бастап суды пайдаланушылар өздері қосылып, басқа органдар бар осы суға жауапты, солардың бәрі бірігіп, бассейндік сулық инспекция дегеннің қасында бассейндік кеңес құрылады. Сол жаңа заңда ұсыныс бердік. Сол кеңес арқылы осы суды толық басқарып отыру керек. 

Қолданыстағы Су кодексі 2003 жылы қабылданған. Жиырма жылда өзгермеген заңның солқылдақ тұстары көп. Ал жаңа кодекс осы кемшіліктерді түбегейлі жоюы тиіс. 

Нұрқанат Қанапия, Асхат Қарақойшиев, Ғалымжан Абдылахат