Ұлытау облысында экологиялық ахуалды жақсарту жолдары талқыланды

Ұлытау облысының экологиялық ахуалын бағалау және жақсарту үшін арнайы жол картасын әзірлеу қажет.

Парламент Мәжілісінің Экологиялық мәселелер және табиғат пайдалану комитетінің көшпелі отырысы осындай ұйғарымға келді. Өңірде ауаны ластайтын зиянды заттардың 80%-і 5 ірі кәсіпорыннан тарайды.

Бұдан бөлек, Жезқазғанның кәріз суын тазарту жүйесі әбден тозған. Ауызсудың да сапасы сын көтермейді. Кеңгір су қоймасының астындағы шөгінділер 30 жылдан бері тазартылмаған. Былтыр облыстың кейбір бөлігін экологиялық апат аймағы деп тану үшін арнайы зерттеу жұмыстары басталған. Оның қорытындысы жыл соңында белгілі болады.

Ерболат Сатыбалдин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл мәселелердің шешу жолдары заңдарға өзгерту енгізу ғана емес, қаражаттың мәселесі де бар. Өндірістік қалдықтарды жинаған орын, сол жердің шаң-тозаңы көтеріліп, Жезқазған қаласының ауа райына және Кеңгір су қоймасының суына араласу фактілері бар. Бұдан бөлек, ірілі-ұсақты бірнеше мәселе бар. Осы сұрақтар комитеттің отырысында талқыланып жатыр. Комитеттің отырысынан кейін Үкіметке белгілі бір тұжырымдама дайындалады. Кейін ол Үкіметтің әрі қарай жұмыс атқаруы үшін негіз болады.