Әкім Ысқақтың шығармашылық кеші өтті

«Адам іздеп жүрмін!» Осындай атаумен мемлекет және қоғам қайраткері, Әкім Ысқақтың шығармашылық кеші өтті.

«Халықтың көші-қоны туралы» заңын жазған жазушының «Менің Қосжаным», «Күн ұлымын» және «Біздің Бапақ» кітаптарының тұсауы кесілді.

Жазушы-журналист, сазгер, сатирик ретінде танылған Әкім Ысқақ шығармашылығына - 50 жыл. Оның балаларға арналған «Қошақандар» өлеңі 1974 жылы жарияланды. Сол жылдардан бастап ол адам іздеп жүріп «Жүректегі жазуларын» оқырманға жеткізді.

Әкім Ысқақ, жазушы:

- Адам іздеп жүрген себебім, кішкентай кезімізде атам жарықтық өмірден өткен кезде мынадай өсиет қалдырыпты. «Жақсылықтан күдер үзбеңдер, жамандықты іздемеңдер. Іздесеңдер көкірегі ояу адам іздеңдер» деп. Шынында мен өмір бақи адам іздеп жүрмін. Кітабымның аты да «Адам іздеп жүрмін».

30-ға жуық кітаптың авторы Әкім Ысқақтың туындылары баспа бетінен жиі жарық көрді. «Ерте есейген қыз», «Темір табыт», «Асқаровтың кадры» сынды өткір материалдары оқырманның әлі күнге есінде. Оның «Көңіл қымбат», «Алтыным» кітаптары қолдан - қолға көшіп жүр.

Ырысжан Шамұратова, қала тұрғыны:

- Ол кісінің шығармаларының ішіндегі өзекті тұстары адамдарды жақсылыққа, адамгершілікке, ұстамдылыққа, шыдамдылыққа, сабырға шақыратын қара сөздері «Алтыным» деп басталатын сөздерінің астарында үлкен мағына мән жататындығы. Сондықтан кейінгі жастарға беретін тәлім-тәрбиесі өте жоғары.

Жазушы жазған «Халықтың көші-қоны туралы» заңы уақытында жоғары бағасын алды. Депутат болған кезінде Ауғанстан мен Пәкстаннан 700 қазақтың Қазақстанға келуіне жәрдемдесті. Мұны замандастары да растайды.

Мұхамбет Көпеев, мемлекет және қоғам қайраткері:

- Бір жылдың көлемінде Әкім осы заңды алып шықты. Қаншама азаматтар өзіміздің елімізге оралды. Бұл заң өміршең заң болды.

Шығармашылығына жарты ғасыр толған Әкім Ысқақтың атқарған ісі көп. Оны қолдағанда кісі көп. Бүгінгі кездесуде «Менің Қосжаным», «Күн ұлымын», «Біздің Бапақ» кітаптарының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.

Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Абдулхамит Бөлекбаев