«Руханият» орталығының құрылысы басталды

Қызылорда облысында 2024 жыл - «Руханият жылы» деп жарияланған болатын.

Мәдени-тарихи нысандардың қолжетімділігін арттыруға негізделген өңірлік бағдарлама аясында кітапханасы тәулік бойы жұмыс істейтін 7 «Руханият орталығы» салынады. Соның алғашқысының құрылысы бүгін Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде бастау алды.

Жалпы ел арасында рухани әмбебап орталығын құру идеясы Ұлттық құрылтайдан кейін туындаған еді. Мемлекет басшысы алқалы жиында «Мәдениет. Өнер. Руханият» тақырыбына айырықша тоқталып, қазақстандықтарды біріктіруші ұлт ретінде дамуы тиіс аспектілерді айқындап берген болатын. Жас ұрпаққа тағылымды тәрбие мен өнеге үйретілетін нысанның алғашқы кірпішін қалау сәтіне қатысқан аймақ басшысы өңір мәдениеті мен өнерін дамытуға бағытталған ілкімді істерге тоқталды.      

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Руханият орталығы алдыңғы буын аға-апаларымыздың өмір жолын ұлықтап, жас ұрпақты тәуелсіздік рухында адал еңбекке, ізгілікке үндейтін нағыз руханият ордасы болары сөзсіз. Облыс орталығында 650 орындық жаңа музыкалық колледж құрылысы қарқынды жүруде. Балалар мен жасөспірімдерді шығармашылыққа баулып, өнерін өрістететін шығармашылық академиясы, екі ауданда оқушылар үйі мен өнер мектептері салынуда.

Типтік үлгідегі көпфункциялы ғимаратта экспонаттар мен құнды құжаттарды арнайы сақтау бөлмелері болады. Музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар кеңесі де осында біріктіріледі.

Жантемір Айсин, мәдениет саласының ардагері:

- Үлкен бір орталыққа бағынышты қылып топтастырылғаны өте орынды деп есептеймін. Бұның берері өте көп. Біз үшін де, келешек ұрпақ үшін де.

Үкіметтік емес ұйымдарды да бір ортаға тоғыстырып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға арналған келелі жиындар өткізілетін ғимарат өңірдің барлық ауданында бой көтереді.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев