Түркістан облысында банан ағаштары өнім бере бастады

Түркістан облысының шаруалары 5 гектар жылыжайдан банан жинауға дайындалып жатыр.

Аграрлы аймақта бір жылдық экзотикалық көшеттердің өзі мөл өнім салды. Егістікті әртараптандырған еңбек адамдары алда тропикалық белдеуде өсетін өзге де жеміс ағаштырын жерсіндірмек.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Жылыжайда тропикалық табиғатқа бейімделген бананның 8 мыңға жуық түбі жайқалып өсіп тұр. Былтыр егілген жоғарғы сұрыптағы көшеттер жергілікті климатқа жылдам жерсініп кетті. Биыл бойы 4 метрден асып, алғашқы өнімін бере бастады.

«Түрік технологиясымен салынған жылыжай кешені толық автоматтандырылған. Климаттық бақылау қондырғысымен ауа температурасы реттеліп, қыста 18, жазда 30 градусқа дейін жылылық сақталады. Сонымен қатар топырақтың ылғалдылығы да компьютерлік жүйемен басқарылады. Артық өскіндер жер қабатын өздігінен тыңайтып, ешбір қоспаларды қажет етпейді», - дейді шаруашылық өкілі. Соның арқысында бір алқаптан жылына екі рет өнім жинауға болады. 

Цитрустық жеміс ағаштарының күтімі үшін жергілікті 15 адам тұрақты жұмысқа тартылған. Жиын-терім кезінде қосымша 40 адам жұмылдырылады. Инвестициялық жоба құны 1 миллиард теңге. Жылына мың тоннадай өнім жиналамақ. Бұл ішкі нарықтың 1% табиғи таза өніммен қамтуға мүмкіндік береді. 

Ислам Әлиев, жылыжай шаруашылығының басқарушы директоры:

- Құдай қаласа 10-15 мамырда бірінші уражайда 600-700 тонна алайын деп тұрмыз. Бағасын әлі шығарған жоқпыз. Остаточный стоймость. Бірақ импорттан арзан болуы керек негізі. Өйткені бізде логистика болмайды. Қазақстанның өзіне сатайын деп жатырмыз.

Түркістан облысында егістікті әртараптандыруға баса мән беріліп отыр.    Сайрам ауданында барлығы 76 гектар жылыжай кешені бар. Бұған дейін қияр, қызанақ, көкөніс өнімін еккендер, қазір экзотикалық жемістерді өсіруге ден қойған.  

Асыл Әсетов, Сайрам аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

- Осы соңғы 2 жыл төңірегінде цитрус жемістеріне қызығушылық танытып, егіліп жатыр. 3,6 га жерге апельсин егілді. Одан бөлек тағы да 4-5 гектардай лимон егілген. Бұл кісілердің де шығындарын субсидиялау бойынша ұсыныс қазір облыстан әрі қарай министрлікке жолданатын болады.

Биыл экзотикалық жеміс ағашының таңдаулы көшеті көбейтіліп, жылыжай кешені тағы 5 гектарға артпақ. «Ал алдағы уақытта жалпы 90 гектар жерде авакадо, манго, кокос сияқты өзге де өскіндер жайқалатын болады»,-дейді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы