«НВП ағай» фильмі көрерменге жол тартты

Әскерде қызмет ету оңай емес.

Бірақ мектептің де өз қиындығы бар. Tiger Films продюсерлік компаниясының «НВП ағай» фильмі көрерменге осындай ой салады. Комедияның премьерасы Алматыда өтті. Әскери қызметті аяқтаған майор білім беру саласына бет бұрады. Мектептің ерекшелігін ескермеген офицер талай қызыққа тап болады.

«НВП Ағай» комедиясының тұсаукесері Kinoplexx 7 SaryArka-да өтті. Премьераға эстрада жұлдыздары, әртүрлі әскери бөлім сарбаздары мен көпке танымал мұғалім Жанбол Өмірзақов шақырылған. Фильмдегі басты рөлді Шерхан Пірназар ойнайды. Әскери қызметкер болу актердің орындалмай қалған арманы екен. 

Шерхан Пірназар, актёр:

- Алғашқы әскери дайындық сабағы 10-11 сыныптар арасында ғана ғой. Десек те осы екі жылдың ішінде кез келген оқушы өзінің керегін алады деп ойлаймын. Оқушыларды патроиттық сезімге баулып, оларды тәрбиелеп, білім жағынан да спорт жағынан да... дұрыс жолға салып береді.  

Ербол есімді басты кейіпкер әскерде рота командирі болады. Қызметіне адал майор күтпеген жерден жұмыстан босап қалады. Қорғаныс саласына қайтып оралу үшін, мектептегі ең бұзық сыныпқа жетекші боласың деген талап қояды.  

Қыдырбек Ибраимов, қалалық білім басқармасы алғашқы әскери және технологиялық пәнінің әдіскері:

- Кино саласында әрқашан ақиқатты көрсетуге тырысады. Ақиқат ешқандай өмірден алшақ емес. Сондықтан бұл әскери патриоттық тәрбие беруде жастарды мынау отанымызды қорғауға... шекарасының мығым болуына мінеки осы болашақ ұрпақтың үлесіндегі дүние.

Раджан Жанысов, десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары: 

- Дәл осы «Алғашқы әскери дайындық» пәні мен үшін өте маңызды. Осы пәннің арқасында мен әскери қызметші болып, 35 жылдан бері қорғаныс саласында қызмет етіп келемін. Осындай пәннің болғаны үшін қуанамын. 

«НВП ағай» фильмі бүгіннен бастап Kinoprk және Kinoplexx кинотеатрларынан көрсетіледі.

Аршын Кемелжан, Кенже Амраев