Кейбір спорттан киберспорт озық

Қазақстанда киберспорт алға шықты. Отандық виртуалды ойыншылар шетелдік аудиторияны да мойындатып үлгерді.

Елде кәсіби деңгейде ойнайтын 100 мыңнан астам аккаунт тіркелген. Іріктеуден өтіп, ұлттық құрамаға қабылданғандары әлемдік жарыстарда атой салып жүр.

Қазақстандық ойыншылар мобилді ойындардың кез келген түрінен әлемдік додаларда фаворит. Басында Дота, Пабжи, ФИФА өз алдына спорт ретінде танылғанда көпшіліктің күлгені рас. Қазір қаржысы қомақты, аудиториясы көп виртуалды әлемге айналды. Тіпті болашақта олимпиада ойындарының құрамына қосылу мүмкін деген сыбыс бар. 

Елде киберспорт саласында 3 мыңнан астам команда бар. Оны көретін аудитория саны 3 жарым миллионға жуықтайды. Бұл шамамен халықтың 17,5 пайызы. Осыдан-ақ, киберспортқа қызығушылық жоғары екенін аңғарамыз. Бәсекелестіктің арқасында қазір көптеген мемлекет қазақстандық ойыншылардан қаймығады. Оған рейтингтік турнирлер дәлел.

Ержан Шәкеев, ҚР Киберспорт федерациясының өкілі:

- AESF осы жолы ұйымдастырған Бали аралында өткен чемпионатта пабжи мобайл ойынынан біздің ұлттық құрама алтын медальға ие болды. Сондықтан бізде жыл сайын осындай жақсы көрсеткіштер бар. Дота туралы айтсақ, еуропадағы жекелей рейтингте біздің ойынша 1-2-орында тұр. 2 аккаунты бар екеуі де 1-2-орында. Әлімжан “Butson”. Арман деген бар, ол да өте жоғары деңгейлі ТОП-10 ға кіретін ойыншылардың бірі. Арман мен Әлімжан сол 1-2-орында болатын.

Киберспортшылар күніне 10 сағаттан артық жаттығады. Сәйкесінше тез шешім қабылдап, логикалық қабілеттерін арттырады. Оны ойынқұмарлыққа теңеудің қажеті жоқ дейді Арман Пірманов.

Арман Пірманов, киберспортшы:

- ФИФА ойыны ойлау жағынан шын футболмен бірдей. Тактика құрып, футбол ойнағанда да, ойында да бәрі бірдей. Ақша бөлініп, дұрыс қарап, істеп жүрсе, негізі жақсы киберспортшылар шығады. Бұл экономикамызға жақсы ақша алып келеді. Ұтып, млн доллар алып жатса, ақша бәрібір бізге келеді. Біздің экономикаға түсіп, налог төленеді деген сияқты. Былай қарайтын болсақ бұл да бір кәсіп, өнер.

Арман Пірманов көпшілік киберспортқа әлі қырын қарайтынын айтады. Салдарынан кейбір ойыншылар халықаралық жарыстарға өз ақшасына баруға мәжүр.

Арман Пірманов, киберспортшы:

- Қазақтардың менталитетіне әлі сай келмейді киберспорт. Айтады ғой, ойын ойнай берме, жұмыс істе деген сияқты. Енді заманымыз өзгеріп бара жатыр. Киберспортта ақша өте көп, млн-дап доллар тігіледі. Мысалы Дотада 25 млн доллар, контр страйк 5 млн доллар, ФИФА-да 2 млн-нан басталады мысалы.

Айта кетейік, мемлекет басшысының тапсырмасымен келесі жылы Қазақстанда киберспортшылар арасында “Болашақ ойындары” өтеді деп жоспарланған еді. Алайда елдегі су тасқынына байланысты яғни бюджетті үнемдеу үшін 2026 жылға шегерілді. Дегенмен болашақ ойындары біздің елде болашақта өтеріне күмән жоқ.   

Мерей Қанапия, Мерей Талап, Өрден Жарқын 24.KZ.