Шахмат: қазақстандық дипломаттар жеңіске жетті

Қытайда алғаш рет дипломаттар арасында шахматтан жарыс өтіп, Қазақстан құрамасы жеңіске жетті, деп хабарлайды 24KZ.

Екінші және үшінші орын Әзербайжан мен Непал ойыншыларына бұйырды. Халықаралық додаға Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер мен Біріккен Араб Әмірліктері, Мьянма сияқты бақылаушы мемлекеттерден жалпы саны 14 команда қатысты. Сайыс Қазақстанның ұйымға төрағалығы аясында ұйымдастырылды. Спорттық шара құрылымға мүше елдер арасында достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған. Сайысқа Қазақ шахмат федерациясы мен Қытай мемлекеттік спорт комитеті төрелік етті. 

Гүлмира Дәулетова, Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры:

- Қысқа уақыт мерзімін қолданып жарысты өткізіп жатыр. Олар 10 минут және әр жүріске 10 секундтан қосылады. Демек бұл жылдам шахматтың түрі болып табылады. Дипломаттар өте жылдам ойланады. 5 ойыннан құралған жарыс болып табылады. Біз осы жарысқа Әлем чемпионы қытайлық Хой Фаньды шақырып отырмыз. Ол да осы жарыс біткен соң дипломаттармен сеанс өткізеді.

Жанеш Кайн, ШЫҰ хатшылығы бас хатшысының орынбасары:

- Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Барлық мемлекеттер қолдау білдіріп жатыр. Осындай іс-шараны көптеп өткізу керек. Бұл мемлекеттерімізді біріктіріп отырған Шанхай ынтымақтастық ұйымының рухын көтереді. Әріптестер арасында байланысты арттырып, стратегиялық шеберлікті шыңдай түседі.