Есіл өзенінен қауіп сейілмей тұр

Ресейде әлі 7 мыңдай үй мен 22 мыңнан аса саяжай су астында қалып отыр.

Көрші елдің 18 өңіріндегі жағдай осындай. Ал Қорған облысында су деңгейі төмендеп келеді.

Бір қиыны Түмен облысында қауіптің беті әлі қайтқан жоқ. Аймақта тасқын тек келер аптада ғана шарықтау шегіне жетеді деген болжам бар.

Түмендегі тасқын қаупі сейілер емес. Есіл өзені қайта қайта көтеріліп, облыстың кейбір ауданында оның деңгейі 12 метрден асып кеткен. Мамандар тасқын 8-9 мамырда шарықтау шегіне жетеді деп топшылап отыр. Бұл Түмен-Омск федералдық тас жолы. Мұнда Төтенше жағдай қызметі өкілдері бөгетті күшейту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ жел көп кедергі келтіруде. 

Қорғанда 13 мың тұрғынның мүлкі бүлінді

Ал Түменмен көршілес Қорған облысындағы су ақырындап қайтып жатыр. Қазір мамандар тасқын салдарын жоюға дайындалып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, табиғат апатынан 13 мыңнан аса тұрғынның мүлкі бүлінген. Табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарға қаржылай көмек көрсетіліп жатыр. Көпбалалы отбасылар мен жасы 70-тен асқын қарияларға қосымша 10 мың рубль берілетін болды.

Аурулардың таралуына қарсы шаралар күшейтілді

Билік су басқан өңірлерде жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу үшін тұрғындарды А гепатитіне қарсы екпеден өтуге шақыруда. Орынбор, Түмен мен Қорған облыстарында өзен сулардан 14 мыңдай сынама алынған. Ал федералдық монополияға қарсы қызмет тасқыннан зардап шеккен аймақтарда ең қажетті тауар, дәрі-дәрмек және құрылыс материалдарына бағаның өсуін болдырмауды қадағалап отыр. Бұл үшін арнайы жедел желі құрылған. Билік, сондай-ақ, жұртты алаяқтардан абай болуға шақырады. Өйткені тасқынды пайдаланып, зардап шеккен тұрғындарға көмек деп жалған есепшоттар ашу оқиғалары жиілеп кеткен.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева