Әлем елдерін су басып жатыр

Табиғат күрт құбылды.

Атам заманнан құм кешіп жүрген Біріккен Араб Әмірліктерін су басты. Жай ғана су басқан жоқ. Алапат тасқын жүріп, көлікке дейін ағызып әкетіп жатыр. Әншейінде Дубайға барғыш ел енді қашып әлек. 

Әлем елдерін су тасқыны ғана емес, құрғақшылық та қыспаққа алып тұр. Тіпті Батыс Балқанда көктемде қар жауды.

Бұған бір ауыздан климаттың өзгеруі деп жауап беру қазір әдетке айналды. Бұл шынымен солай. Бірақ сонда да көптеген адам ғаламдық жылынуға аса мән беріп отырған жоқ.

Айналаның бәрін су басып жатыр

Қазір бүкіл жерді су басып жатыр. Адамзат мекендейтін құрлықтың бесеуінде де тасқын. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі шөл көлге айналды. Дубайда кейінгі 24 сағатта 254 миллиметр жаңбыр жауған. 12 жолағы бар Шейх Зайд даңғылы толығымен су астында қалды. Елде тасқын салдарынан 1 адам көз жұмды деген ақпарат бар.

Елден кетпеске амал жоқ. Дубайдағы халықаралық әуежай жолаушыға лық толы. Бірақ адамдар тәулік бойы ұша алатын емес. Өйткені әуежайды да су басқан.

Оманда тасқыннан көз жұмғандар саны 20 адамға жетті. Билік мыңнан астам тұрғынды уақытша паналайтын орынға көшірген. Мемлекеттік мекемелер мен мектептер жұмысын тоқтатты. Сауд Арабиясы мен Бахрейнда да жаңбыр құйып тұр.

Иранның оңтүстік-шығыс аймағы су астында қалды. Баспанасынан айырылған мыңдаған халық босып кетті. Барлық жолдармен жүру мүмкін емес. Адамдардың күні арқан мен қайыққа қарап қалды. Ең қиыны, аймақтарға ауыз су жетіспей жатыр.

Қалың су Йеменді де иектеп алды. Аден шығанағының жағасында орналасқан, 200 мыңға жуық халқы бар Мукалла қаласын су шайып, лай басты. Метеорологтар: «Жаңа леппен жаңбыр жауып, тасқын күшейеді», – деп ескертті.

Көршілеріміз де күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылды. Қорған аймағында 300-ден астам үйді суы шайып әкеткен. Тасқын барлық бөгетті бұзып, елді мекендер тұтас су астында қалып жатыр. Осындай қиын жағдай Түмен облысында да қалыптасқан. Билік тұрғындарды шұғыл көшіріп әлекке түсті.

Қытай билігі де халықты дереу көшіруге кірісті. Елдің оңтүстігіндегі Гуандун провинциясында күшті дауыл тұрып, қатты нөсер мен бұршақ жауып жатыр. Метеорологтар: «Жаңбыр әлі 2 күн толассыз құяды», – дейді.

 

Өзгерген климат енді бой бермейді

Климаттың өзгеруі, ғаламдық жылыну және олардың себеп-салдары кейінгі 10 жылда жаһандағы басты тақырыпқа айналды. Ғалымдар аптап ыстық, су тасқыны, құрғақшылық, дауыл сияқты экстремал күн райы құбылыстарына айрықша көңіл бөлетін болды. Қазба отын парник газды ұлғайтып, жер шарын қыздырып жатыр.

Сет Боренстейн, зерттеуші:

- Дубай әуежайы су астында қалды. Оман тасқын құрсауында. Танзания тұрғындары да белуардан су кешіп жүр. Ал Колумбияны керісінше қуаңшылық жайлап алған. Балкан түбегінде көктемде қар жауды. Бүкіл аумақты экстремал күн райы қыспаққа алып тұр. Ғалымдар: «Климаттың өзгерісін енді тоқтата алмаймыз, бұған тек бейімделуіміз қажет», – дейді. Олардың айтуынша, су басқан жерлерді су баса береді, құрғаған жерлер құрғағанның үстіне құрғай береді.

Тасқын шайған елдердің көптігі сондай, жер-жаһанды топан су басып жатқандай елестейді. Қазір су тасқыны әлемдегі ең өзекті мәселеге айналды. Жаратқан жеңілдігін берсін дейміз.