Алматы мен Батуми бауырлас қала атанды

Қазақстан Грузиямен мәдени һәм туристік байланысты нығайтады.

Осы мақсатта алматылық делегация Кавказ еліне арнайы сапармен барды. Қос тараптың кездесуі Батумидегі қала күнімен тұспа-тұс келді.

Грузияда бұл күндері алашапқын. Ел елеулі мерекенің бірі  Батуми күнін тойлады. Алматыдан барған арнайы делегация қала басшылығымен кездесуін осы датаға жоспарлапты. Мақсат -  арадағы достық байланысты одан әрі бекемдей түсу. 

Әлішер Әбдіқадыров, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:

- Батуми бүгінде қарқынды дамып жатыр. Былтыр қаланы көруге 4 млн шетелдік келген. Сондықтан туризм саласы бойынша тәжірибе алмасу пайдалы деп санаймын. Әрине, бұдан бөлек экономикалық, сауда-саттық салаларында ынтымақтастықты арттыру жайы талқыланады. 

Арчил Чиковани, Батуми мэрі:

- Қазақстандық делегацияның елімізге сапарын көптен күттік. Оның үстіне бұл кездесу қала күнімен тұспа тұс келіп отыр. Алдағы уақытта тек іскерлік қана емес, мәдени, спорт, медицина бағыттары бойынша әріптестік байланыс нығаяды деген ойдамын.

Келелі кездесу Аджария аймағының қаржы және экономика министрлігі қабырғасында ұйымдастырылды. Онда қос тарап туризм саласын  қозғап, екі елдің мәдениетіндегі ортақ мәселелерді сөз етті.  Соның ішінде қонақүй бизнесін дамыту бойынша бірқатар ұсыныс айтылды.

Джаба Путкарадзе, Аджарияның қаржы және экономика министрі:

- Қазақстан біз үшін экономикалық һәм инвестициялық тұрғыдан маңызды серіктес. Енді сол байланысты одан әрмен дамытуға күш саламыз. Қазір екі ел арасында тікелей әуе рейсі ашылғанын білесіздер. Бұл туристер ағынына оң ықпал етті.

Туризмді түлету бойынша Грузиядан үйренеріміз көп. Біздің ел бұл әріптестік байланысты жоғары бағалайды. Оның ішінде туристік бағыттар санын ұлттық және мәдени ерекшеліктеріне сай дамыту қазіргі таңда өзекті мәселе.

Ғалия Тоқсейітова, Алматы қаласы туризм басқармасының басшысы:

- Біз қолға алған негізгі жобалар, туризм саласына қатысты. Шетелден турист тарту бойынша Грузия көп елден көш ілгері. Тек жағажай туризмі емес, сан түрлі бағыт қатар дамыған. Бұл ретте Грузияны үлгі етуге әбден болады. 

Бастысы ниет бар, демек сан салада ынтымақ та болады. Басқосудың түйіні осы. Айтпақшы, күзге салым Алматы мен Батуми "бауырлас қала" мәртебесін алады. Бұл да сан жылғы серіктестікке соны серпін береді деген үміт бар. 

Назерке Тоқжан, Юлия Тужилкина