Ақтөбеліктер қоғамдық орындарды көгалдандырды

Мереке күні ақтөбеліктер «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене қатысты, деп хабарлайды 24KZ.

Қаладағы саябақтар мен қоғамдық орындарды тазалап, жүздеген тал екті. Іс-шараға жастардан бөлек, қарттар да қатысып үлес қосты.

Абзал Тәкенов – қаланың маңызды іс-шараларына қатысып жүрген белсенді студенттердің бірі. Саябақтардан өзге, бірқатар қоғамдық орындарды көгалдандыруға да атсалысқан. Бұл жолғы акцияның маңыздылығын да жақсы біледі.

Абзал Тәкенов, студент:

- Осы тал егуге қатысып келе жатқаныма 2 жыл болды. Негізі тал егу өте дұрыс деп санаймын. Себебі өзіме де жақсы әсер көрсетеді, табиғатқа да пайдалы. Өзім табиғатқа көмектескенді ұнатам.

Абзал секілді 300-ден астам жас бүгін «Болашақ» шағынауданындағы гүлзарға жүздеген түп сүмбіл терек екті. Игі шараға еңбек ардагерлері де қатысып, өз үлесін қосты. Ал егілгел талды уақытылы суарып, күтіп-баптауға баса мән берілмек. Себебі Ақтөбенің әуежайынан түскен меймандар осы гүлзар маңынан да өтеді.

Артур Әзиев, «Жасыл ел» жасақтары төрағасының орынбасары:

- Ақтөбе қаласындағы орман шаруашылығымен тығыз жұмыс жасаймыз. Ол жаққа біздің студенттер, мысалы, 80 сарбаз осы мамыр айынан бастап сол жақта жұмыс істейін деп жатыр. Тұқымнан бастап егетін болады, ол жақта енді 20-дан астам талдың түрі бар ғой. Енді биылғы біздің жоспарымыз, әрине, ол тікелей бізде орман шаруашылығының мекемесі басшылығымен қатысты болады.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына этномәдени бірлестік өкілдері де белсене қатысып жатыр. Бүгін олар облыс орталығындағы «Достық» гүлзарын тазалап, тал-теректерді әктеді.

Тамара Дайкова, қала тұрғыны:

- Сенбілік өткізудің басты маңызы ол жалпы барлық халықты өз еліңді, Қазақстанымызды тазалықта ұстау, экологиялық барлық талаптарды сақтау және де еліне деген сүйспеншілігін арттыруға бағытталған деп ойлаймын. Сенбілік аталған күндері ғана емес, барлық күнде, көшеде жүргенде де қоқыс тастамау, талаптарды сақтау керек деп ойлаймын.

Әдетте сүйікті командасының кезекті ойнына жиналатын футбол жанкүйерлері де мереке күні орталық стадион маңына топтасқан. Бұл жолы қызу қанды жастар қолдарына құрал-сайман алып, қаланың тазалығына үлес қосты. Көрерменнің көзайымына айналған ұлттық құрама мен жергілікті клубтардың футболшылары да бар.

Асылжан Жүсіп, «Ақтөбе» шағын футбол клубының ойыншысы:

- Біз бүгін, міне, командамызбен, үлкен футбол бар, шағын футбол бар, барлығымыз бірігіп, жұдырықтай жұмылып, жан-жағымызды таза ұстайық деп, клубтың іші бар, сырты бар, осы жерде жүрген клубтың барша кішкентай жанашыр жанкүйерлері бар, барлығын осы тазалыққа, имандықтың жартысына шақырамын. «Тазалық – имандықтың жартысы» дейді негізі қазақта. Сол секілді жан-жағымызды таза ұстайық.

Республикалық акцияға қатысқандар береке бірлікпен келетінін насихаттады. Ал қала бойынша бүгін бірқатар саябақтар мен гүлзарлар тазартылып, 500 түп тал егілді.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев, Айнадин Молдабеков.