Алматыда оқушылар Қазақстан халқы бірлігінің күнін атап өтті

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінің дәстүрлі түрде тойланып келе жатқанына 28 жыл.

Береке мен татулықты ту ететін бұл күнді алматылық оқушылар ерекше атап өтті. Номері 123 мектеп-гимназияның балалары «Халықтар достығы» фестивалін ұйымдастырды.    

«Халықтар достығы» фестиваліне 7-сыныпқа дейінгі оқушылар қатысты. Мектептерде Қазақстанға күштеп қоныс аудару саясаты 8-сыныптан бастап оқытылады. Дегенмен балалар бұл тарихи оқиғаның мән-жайынан хабардар. Олар диаспоралардың мәдениетін, әндері мен билерін зерттеп, әдемі концерт берді.   

Аружан Оразаева, оқушы:

- Бүгінгі 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне орай, бүкіл Қазақстанымды шын жүректен құттықтаймын. Бірлікте болу үшін, Қазақстан елдеріміз бірге дос болып, жақсылық жасап, мейірімді болуы керек.

Достық пен бірлік кез келген мемлекеттің болашағын айқындай  түседі. Айрандай ұйыған елдің іргесі де берік болады. Бүгінгі фестивальдің басты мақсаты да осы. Оқушыларға татулық пен ортақ құныдылқты насихаттау.

Бағила Әшімбаева, №123 мектеп-гимназияның директоры:

- Біздің тәрбие сағаттарында ол жоспардан түскен емес. Үнемі, халықтар достығын насихаттау мақсатында өзіміздің мектебіміздің ішінде, ұлттардың татулығын нығайту мақсатында, үнемі тәрбие сағаттарын өткізіп отырамыз. Соның бәрі біздің оқушыларды адамгершілікке, елжандылыққа, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу біздің мақсатымыз.

2700-ден аса бала білім алатын оқу ордасындағы фестиваль бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Мектеп ұжымы осы игі бастаманы дәстүрге айналдырмақ.

Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев