Депутат: Бас Прокуратура тасқынға қатысты тергеуді кешенді ұйымдастыруы керек

Биылғы су тасқыны Қазақстан тәуелсіздік алғалы оныншы ірі апатқа жатады.

Алайда осы кезге дейін су тасқынының алдын алмай, салғырт қарап, жол бергені үшін ешбір жоғары лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылмаған. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Құлсарыда Жем өзені бойындағы заңсыз салынған бөгеттер жайлы былтыр айтылды. Сондай-ақ су 2011 жылдағы тасқын кезінен кем келмейтіні туралы да сала мамандары дабыл қаққан. Былтыр бұл мәселе көтерілгенімен жергілікті әкімшілік пен прокуратура тарапынан ешқандай қолдау болмады. Осыған қатысты депутат келген шығындар үшін дер кезінде шара қабылдамаған шенеуніктерді жауапкершілікке тартуға шақырды.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қылмыстық кодекстің үшінші бабында аса ірі залал және ауыр зардап деген ұғымдар бар, биылғы су тасқынында мемлекет те, азаматтар да аса ірі көлемде шығынға ұрынды, адамдарымыздан айырылдық. Мысалы, БҚО және Атырау облысының Құлсары қаласында тексеруді Бас Прокуратура деңгейінде кешенді түрде ұйымдастыру қажет деп есептеймін.