Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл

Анкарада балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың есімі ұлықталды, деп хабарлайды 24KZ.

Биыл жазушының туғанына 100 жыл. Айтулы дата ЮНЕСКО көлемінде атап өтіліп жатыр. Түрік астанасында өткен шарада Бердібек Соқпақбаевтың түрік тіліне аударылған шығармалары таныстырылып, шағын көрме ұйымдастырылды.

Қазақ әдебитетіне өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат әкелген көрнекті жазушының мерейтойы Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымында тойланды. Соқпақбаевтың құрметіне конференция ұйымдастырылып, көрме шымылдығын түрді. ТҮРКСОЙ-дың Анкарадағы штаб-пәтерінде өткен шараға түбі бір түркі жұртының қаламгерлері, қоғам қайраткерлері мен көрнекті өкілдері қатысты.

Сұлтан Раев, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысы:

- Балалар әдебиетін үлкен бәйтерек деп алсақ, сол бәйтеректің күре тамыры Бердібек Соқпақбаев деп айтар едім. Өйткені оның шығармасынан нәр алып өспеген бала жоқтың қасы. Бүгінде оны еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін бәрі жақсы таниды, сүйіп оқиды. 7 жасында анасынан айырылып, жетім қалған жазушы өлеңнен прозаға ауысты, сол екі қасиет біріге келе, сценарий жазатын деңгейге жетті.

Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасы:

- Бердібектің біз үшін түркі дүниесі үшін де жөні бөлек. Керемет жазушы. Біз ылғи да мақтан тұтамыз. «Менің атым – Қожа» кино болып түсіп, Канн фестивалінде бас жүлде алғанын, оны бас кейіпкерін бүкіл әлем білетінін өзіміз де мақтаныш тұтамыз. Ал шындығында Бердібек Соқпақбаев өте қиын тағдырлы адам жазушы ретінде. Ол Кеңес үкіметі кезінде бірде-бір атақты алған жоқ. Бірақ жұрттың бәрі оны мойындайтын.

Конференцияда жазушының еңбектері мен күреске толы ғұмыры жайлы жан- жақты айтылды. «Менің атым – Қожа» және «Өлгендер қайтып келмейді» кітаптарын түрік тіліне аударған ғалымдар, шығармалардың ерекшелігін сөз етті. Сондай-ақ жиылғандар жазушының сирек кездесетін суреттері мен жеке заттарынан құралған шағын көрмені тамашалады. Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстанның Анкарадағы елшілігі, Алматы облысы әкімдігінің ұйытқысымен өткен шараға келушілердің қарасы қалың болды.

Данияр Әлиев, Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

- Түркі әлемінде азаматтардың барлығында ТҮРКСОЙ ұйымының ұйцмдастырып отырған игі шара деп айтамыз. Шараның мәні бар, мағынасы бар. Бердібек Соқпақбаевтың шарасы Алматы облысында ғана емес, республикамыздың түкпір-түкпірінде тойланып жатқан жайы бар.

Шара соңында Секен Тұрысбек, Мереке Құлкенов және Нұрлан Әдбірахымға ТҮРКСОЙ табақшасы табысталды. Ал Жемиле Кынаджы, Хусейн Варолға алғысхат берілсе, Алматыдан келген «Ақжауын» ансамбльі қонақтардың құлақ құрышын шандырып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Айта кеткен жөн, биыл қаламгердің мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатыр.

Авторы: Меруерт Қанағат.