Париж Олимпиадасы. Жолдаманы сарапқа салу жалғасып жатыр

Рыбакина финалға шыға алмады. Мадридте өтіп жатқан теннис турнирінде көпшілік тағатсыздана күтіп жүрген матч болды.

Әлемнің төртінші ракеткасы қазақстандық Елена Рыбакина әлемдік рейтингте екінші тұрған Беларусь өкілі Арина Соболенкамен жолықты. Алғашқы сәтте Елена алға шыққан. Бірақ екінші және үшінші кезеңде Беларусь қызы басым болып, финалға жолдама алды.

Рыбакина үшін жарыс аяқталды. Ол осы турнирде 390 рейтингтік ұпай мен 265 мың доллар сыйақыға ие болды.

Қазақ қыздары қоланы қанағат тұтты

Дәл қазір Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында көркем гимнастикадан Азия чемпионаты өтіп жатыр.

Лицензиялық жарысқа 17 елден 100-ге жуық қатысушы жиналды. Қазақстан намысын 8 үміткер қорғайды. Байрақты бәсекенің алғашқы күні командалық көпсайыс өтіп, ұлттық құрама үздіктер қатарына кірді. Қазақ қыздары бас-аяғы 61.30 ұпай жинап, жалпы есепте үшінші орынға тұрақтады.

Бұған қоса, қос спортшымыз жекелей сында финалға жолдама алды. Атап айтқанда, Елжана Таниева доп және шығыршықпен жаттығуда көш бастады. Дәл осы бағдарламада тағы бір қазақстандық Айбота Ертайқызы үшінші орынға табан тіреді.

Бүгін ұршық және таспа жаттығулары бойынша жекелей сындар болады. Соның нәтижесінде жалпы ұпай саны шығарылып, жарыс жеңімпаздары анықталады.

Азия чемпионаты 5 мамырға дейін жалғасады. Оның қорытындысы бойынша Париж Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынады.

Сұрмергендер жолдаманы сарапқа салып жатыр

Әзербайжан астанасы Баку қаласында нысана көздеуден әлем кубогі өтуде.

Дүниежүзідік додаға 84 елдің спортшылары жиналды. Оның ішінде ұлттық құраманың 21 өкілі бар.

Қазақстанның қыз-жігіттері алғашқы жарыс күні жақсы өнер көрсетті. Әсіресе тапаншамен 10 метрдегі нысана көздеуде Эльдар Иманқұлов пен Валерия Попелова жұбы финалға шықты. Олар бүгін Түркия құрамасымен кездесіп, бас жүлдені сарапқа салады.

Осы бағдарламада сынға түскен Қазақстанның тағы бір жұбы – Валерий Рақымжан мен Ирина Юнусметова, өкінішке орай, іріктеуден өте алмады. Яғни жалпы есепте 6-орынға тұрақтады.

Қазақстандық спортшылар нысана көздеудің басқа бағыттарында да бағын сынап, Олимпиада жолдамасын көбірек алуға тырысады. Баку қаласындағы байрақты бәсекенің жалпы қорытындысы 13 мамырда белгілі болады.

Алматыда ел үздіктері бас қосты

Мұнда баскетболдан жастар арасындағы Қазақстан біріншілігі өтіп жатыр.

Еліміздің 7 өңірінен келген командалар өзара жүлделі орындарды сарапқа салады. Жеңімпаз команда төрт турдан кейін белгілі болады.

Бас жүлдеден басты үміткерлер қатарында Атырау мен Астана бар. Өйткені бұл командалардың құрамындағы ойыншылар ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді. Дегенмен алғашқы турда алаң иелері, яғни Алматы баскетболшылары да азулы командаларға қарсы тұрып, жүлделі орыннан дәмесі бар екенін байқатты. 4 ойыннан кейін 6 ұпай жинаған «Динамо» әзірге турнир кестесінің екінші сатысында келеді. Топ басында ұпайдан шашау шығармаған Астана тұр. Қазақстан чемпионатының екінші туры Шымкент қаласында өтеді.

Иван Гайна, баскетболдан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы:

- Бұл жарыстың негізгі мақсаты – жастардың шеберлігін шыңдау, өңірлердегі баскетболды дамыту және жас өрендердің осы бір спорт түріне деген қызығушылығын арттыру. Басты фавориттер Астана мен Атырау облысы. Өзге командалардың да аяқ алысы жаман емес. 4 турдан ұлттық құраманы қайта жасақтап, осы ел біріншілігінде көзге түскендерге шақырту береміз.

Аманжол Бұғыбаев атындағы республикалық турнир

Талдықорғанда еркін күрестен КСРО-ның екі дүркін жеңімпазы Аманжол Бұғыбаевтың атындағы турнир өтті.

Осымен бесінші рет ұйымдастырған жарыста даңқты палуанның салаға сіңірген ерен еңбегі айтылды. Боз кілемде қарсылас шақ келтірмеген тау тұлға кейін ел құрамасын жаттықтырды. Оның Мәулен Мамыров және Ислам Байрамуков сынды шәкірттері құрлықтық додаларда топ жарып, Олимпиада жүлдегері де атанды. Жастар арасындағы бәсі жоғары бәсекеге еліміздің әр аймағынан 200-ге жуық балуан қатысты. Олар он салмақ дәрежесі бойынша өзара үздіктерін анықтады. Екі күндік турнир қорытындысында жеңімпаз атанғандарға сыйақы мен спорт шеберіне үміткер атағы беріледі.

Мейіржан Жүндібаев, жарысқа қатысушы:

- Бұл жастар арасындағы бірінші турнирім. Бұған дейін жасөспірімдер арасында күрестім. Жастар арасындағы бірінші турнирім болғанымен жаңа салмаққа ауыстым, ауыр салмаққа. Жақсы өнер көрсетіп, чемпион болу арманым.

Мәулен Мамыров, Атланта Олимпиадасының жүлдегері:

- Бұл турнирдің маңызы зор, әрі спортшылар тәжірибе жинап шыңдалады. Басқа да жарыстарға осы жарыс арқылы күреседі. Сол себептен спортшыларға сәттілік тілейміз.

Аслан Қаженов, 24.KZ