Қ. Тоқаев Ұлыбританияның Сыртқы істер министрін қабылдады

Мемлекет басшысы Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронды қабылдады.

Кездесуде Президент мәртебелі мейманға ілтипат білдіре отырып, оның Қазақстанға сапары екіжақты қатынастарды дамытуға тың серпін беретінін айтты. Сондай-ақ, сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты нығайту мәселесі талқыланды. Әсіресе, энергетика, «жасыл» экономика, қаржы, инновация бағытына басымдық берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біздің маңызды стратегиялық серіктесіміз – Ұлыбританиямен арадағы өзара тиімді ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанына көңіліміз толады. Бүгін Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын айрықша атап өткім келеді. Бұл жан-жақты құжат біздің сан қырлы байланыстарымызды кеңейту үшін берік негіз қалайтынына сенімдімін.

Өз кезегінде Дэвид Кэмерон қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Әңгімелесу барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселесі де қаузалды. Тараптар білім беру саласы мен жастарды қолдау ісіне ерекше назар аударды. Өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты. Құрметті қонақ кездесуде Ұлыбритания Премьер-министрі ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы сапарын ықыласпен еске алды.

Дэвид Кэмерон, Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі:

– Мен мұнда 11 жыл бұрын екі ел арасындағы стратегиялық диалогты бастау үшін келген едім. Бүгін Қазақстанның Сыртқы істер министрімен Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық. Энергетика, білім, бизнес және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға және халықтар арасындағы байланыстарды өркендетуге ниеттіміз.