Оңтүстік Кореядағы қандастардан гуманитарлық жүк келеді

Таяу күндері Оңтүстік Кореядан Қазақстанға алғашқы гуманитарлық жүк келеді, деп хабарлайды 24KZ.

Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға резеңке қайықтар мен аяқ киімдер, оқу құралдары жіберіледі. Бұл заттар Оңтүстік Кореяда тұратын қазақстандықтардың қаражатына сатып алынған. Қайырымдылық шарасына еліміздің ұлттық әуе компаниясы қолдау көрсетті. Ол гуманитарлық жүкті Инчхоннан Алматыға тегін жеткізеді. Қазір жерлестеріміз арнайы есепшот ашып, қаражат жинауды жалғастырып жатыр.

Балнұр Айтбаева, Пусан қаласындағы ҚР Бас консулдығының қызметкері:

- Алыста жүргеннен кейін біз бейжай қалмай, жаңағы «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей өзіміз қазақ болып, сіз болып, біз болып, бәріміз кішкене болса да, көмек көрсетсек деген ниетіміз болды. Сөйтіп, осындағы қазақ қауымдастығымен бірлесіп көмектессек деген ниетіміз болды.

Ғибадат Махамбетов, кәсіпкер:

- Барлығы қолдан келгенше атсалысып, көмектесіп жатыр. Бұл жақта енді барлығы барып көмектесе алмай жатса да, енді ақшалай берейік деп бір күндік ақшасын аударып жатқан, жұмыстық табыстарын жіберіп жатқан жігіттер де бар. Барлығына Алла разы болсын деймін. Бұл жерде енді жағдай оңай емес қой, бәрін көріп отырмыз, біліп отырмыз. Бәріміздің жүрегі ауырып отыр. Енді Алла баршамызға мына жағдайдан аман-есен өтуді бұйырсын.