Су тасқыны: шаруалардың шығыны өтеле ме?

Су тасқынынан зардап шеккен шаруаларға өтемақы төлеу жайы қарастырылып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Жақында Ауыл шаруашылығы министрлігі шығынды өтеу тәртібінің жобасын дайындады. Осы құжатқа сәйкес жергілікті атқарушы билік арнайы комиссия құрып, келтірілген залал мөлшерін анықтауы тиіс. Қостанай өңірінде табиғи апаттың зардабын тартқан шаруашылық құрылымдары аз емес.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Әдетте Қостанай өңірінде көкөніс, картоп егу жұмыстары сәуірдің 20-нан мамырдың 10-ы аралығында өткізіледі. Ал биыл кейбір шаруашылықтар бұл мерзім ішінде үлгірмеуі мүмкін. Себебі, өздеріңіз көріп отырғандай, жер әлі өңделмеген. Оның сыртында тасқын су шайып, бұзып кеткен мынандай құрал-жабдықтар алқаптарда шашылып жатыр.

Александр Брехачев басқаратын шарау қожалығы 23 жылдан бері бау-бақша егумен айналысады. Мынау ұзындығы 570 метр шетелдік жаңбырлатқыш машинаны 5 жыл бұрын сатып алыпты. Бағасы да арзан емес, 95 мың доллар тұрады. Сол қымбат құрылғыны тасқын су тас-талқан еткен.

Александр Брехачев, шаруа:

- Мұны енді күзге дейін жөндеп үлгіре алмайтын шығармыз. Қосалқы бөлшектерін табу қиын. Сатып алатын жағдай жоқ. Барабанды машинаны су қайда ағызып алып кеткендігі белгісіз. Әлі таба алмай жүрміз, қосалқы бөлшектер қойылған қойма да ұшты-күйлі жоқ.

Екпінді су жаңқа құрлы көрмей ағызып алып кеткен мынау ауыр контейнерді бригада қосынынан 5 километр жерден тауыпты. Осындағы 2 жылыжайдың астан-кестені шыққан.

Евгений Брехачев, агроном:

- Бұл жерде бәрін бастан-аяқ қалпына келтіру керек. Әйтеуір қаңқасы құламағанына қуанып отырмыз. Қайтадан қаптау  керек. Оның бір бөлігі  Ресейде 4-5 мың рубль тұрады. Жеткізуі бар, орнатуы бар, қып-қызыл ақшаға шығайын деп тұр.

Облыс бойынша биыл 808 гектарға түрлы көкөніс дақылдарын, 4477 гектарға картоп егу жоспарланған. Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар: «бұл салаға барынша көмек-қолдау көрсетіледі», – деп отыр.

Төлеген Ысқақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Су басқан учаскелер аудандардың мәліметі бойынша жоқ. Жылда басылатын төмендегі учаскелер. Кепкен сайын оларда көктем жұмыстары, егу өткізіледі. Мемлекеттік қолдау – арзандалған дизель отыны бөлінеді. Бағасы бір литріне 250 тенгеден аспайды. Сосын тұқым, пестицид сатып алуы субсидияланады.

Қазіргі кезде жеке адамдарға мүлік, мал шығынының өтемақысы төленіп жатыр. Енді су тасқынынан зардап шеккен ауыл шаруашылығы құрылымдарына тиісті төлем беріледі деген үміт бар.

Роберт Юсупов, Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

- Ауыл шаруашылығы министрлігі мен кәсіпкерлер палатасы бірлесіп, агроөнеркәсіп саласындағы заңды тұлғалардың шығынын өтеу тәртібінің жобасын жасады. Оған қостанайлық шаруалардың да бірқатар ұсыныстары енді. Табиғи апаттың шаруашылықтарға келтірген шығынын өтеудің шарт-талаптары қазір мемлекеттік органдарда келісіліп жатыр.

Жобаға енгізілген тәртіпке сәйкес арнайы комиссия алқап, ферма басына барып, келтірілген залалды зерттеп, тексереді. Өтемақы мөлшері бір гектарға кететін шығын есебінен алынады. Егер шаруа субсидия алған болса, ол соманы ұстап қалады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.