Дубайда қазақ қызының көрмесі өтті

Араб Әмірліктерінде Қазақстан суретшісі, дизайнер Ләйлә Жарқын шығармаларының көрмесі өтті.

Еліміздің Дубайдағы Консулдығының қолдауымен ұйымдастырылған мәдени іс-шараға осы мемлекетте жүрген отандастарымыз, қала тұрғындары мен қонақтары жиналды.

Келушілер киізден жасалған бұйымдарды тамашалап, қазақ өнерінің құдіретіне тағы бір мәрте таңғалысты.

«Туған жер» атауымен өткен көрмеде кәсіби суретші Ләйлә Жарқын онға жуық киіз текемет пен қолөнер бұйымдарын таныстырды. 18 жасынан бері киіз басу өнерін таңдаған суретші ұмытылып бара жатқан ұлттық қолөнерді дәріптеп, оны жаңғыртуға бел буған.

Ләйлә Жарқын, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі:

- Біздің өнерді таныту, тек қана қазақстандықтарға емес, әлемге таныту. Қазіргі өсіп келе жатқан ұрпақтың осы өнерге жақындағанын қалаймын және осындай біздің бар байлығымызбен әлеммен бөліскім келеді.

Көрмені тамашалауға келгендерді шебер шығармаларының мазмұны ғана емес, киізді дайындау техникасының ерекшелігі де қызықтырды. Табиғи таза материалдан жасалған сырмақ, текемет, түскиіз, тақия секілді өнімдер үлкен сұранысқа ие. Киіз бүгінде суретшілер, дизайнерлер, қолөнер шеберлерінің ой-қиялындағы сұлулықты жеткізетін басты құралының біріне айналған. 

Әдемі түстерге боялып, шүйкеленіп қойған жабағы жүнді осылай икемдеп, қалаған дүниені жасап алуға болады. Шебердің айтуынша, киіз басу өткен замандағыдай тым күрделі емес. Керісінше, кез келген адам тез үйреніп алатын кәсіп.

Динара Шахметова, «Nomad» мәдени орталығының жетекшісі:

- Біздің мәдени құндылықтарымызды жаңғырту. Шетелде жүргеннен кейін салт-дәстүрімізді ұмытпау үшін біз осындай шараларды ұйымдастырып жатырмыз.

Дубайда тұратын қытайлық қандасымыз Раушангүл Әзиз шебер ұйымдастырған қолөнер сабағына қызын ерте келген. Анасынан үйренгенін ұрпағы да жалғастырғанын қалайды.

Раушангүл Әзиз, тұрғын:

- Кішкене кезімізде басатынбыз жайлауда. Әкем мен ағаларым киізді илеп қолыменен, ыстық судан білектері қып-қызыл болып шығатын. Балалық шағыма кетіп қалғандай болып, шешемнің, әжемнің жанында жүргендей күй кешіп тұрмын. 

- Мақтанып айта алмаймын әжеммен бірге істедім деп, қазір рақаттанып істеп отырмын, керемет екен, шабыт та келеді, денем тітіркеніп, керемет сезімдемін.

Қысқа уақыттың ішінде киізден көз тартар көркем дүниелер жасалды. Қөлөнер шебері Ләйлә Жарқынның діттеген мақсаты да осы – киіз басудың жеңіл әдісін үйрету арқылы ата-бабамыздан келе жатқан асыл мұраны мәңгіге сақтап қалу.

Авторлары: Бибігүл Нысанбаева, Ералы Төлеуіш.

 

АвБибігүл Нысанбаева, Ералы Тілеуіш, 24.KZ, Абу-Даби