"Қара, балам". АҚШ-та жарық көрген қазақша кітап

АҚШ-та сәбилер үшін қазақ, қырғыз, ағылшын және орыс тілінде жазылып безендірілген ерекше кітап жарық көрді.

Бүлдіршіндерге танымдық құрал ретінде пайдалануға арналған еңбек ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайды.

Әріп танымайтын бүлдіршіндерге әліппеден бұрын айналасын танып-біліп, ұлт құндылықтарын бойына сіңіріп өсіретін кітап шығару идеясы Айсалқынға осыдан бес жыл бұрын келген. Пандемия кезінде аздап кідіріс туғанымен, бұл уақыт Айсалқын мен оның досы суретші Ерденге ізденуге мүмкіндік болған. Сөйтіп шетелдегі қазақ пен қырғыз балаларын өз халқының үлгі-өнегесімен тәрбиелеуді көздеген әріптес жандар «Қара, балам» атты жинақты жарыққа шығарды.

Айсалқын Ботаева, автор:

- Бұл нәрестелерге арналған кітапты ақ-қара түсте жасап шығардық. Себебі сәбилер алғашқы екі-үш айдан бастап алты айға дейін түрлі-түсті бояуларды дұрыс көре алмайды. Әрі қазақ пен қырғыз халықтарының мәдениеті мен тілін жоғалтпай, балаларымызға да бергіміз келді. Қазақстандағы бүлдіршіндер де осы кітапты оқыса деген тілегіміз бар.

АҚШ-та жүріп қыздарын кітапты қадірлеп, сүйіп оқуға тәрбиелеп өсірген Айсалқын сәбилерге арналған осындай еңбектерді көп ата-ана түсіне бермейді дейді. Бірақ олардың нәрестенің миын дамытуға көмегі зор екенін айтады. Ол үшін ата-аналарға ондағы суреттерді әндетіп, түсіндіріп отыруға кеңес береді. Сәби кезінен “Қара, балам” кітабының алғашқы нұсқасын көріп өскен қызы Зарина ондағы суреттерді қарауды әлі де жақсы көреді.

Ал суретші Ерден сәбиге төрт тілде мәлімет беретін жаңа жинақты безендіру кезінде қазақ оюларын зерттеп, ұлттық нақыштарға айрықша басымдық берген.

Ерден Зікібай, суретші:

- Қазақтың ою-өрнектері туралы Ералы Оспанов деген суретші жасаған осындай бірнеше кітап. Соларды мен жақсылап тұрып оқып, ізденіс жасадым. Кейбір, мына бізде табиғат, жануар, солардың бейнелерін мен тікелей біздің ою-өрнектерімізге негіздеп жасағам. Себебі біздің ата-бабаларымыздың жасаған суреттері мен қазіргі балалардың арасында байланысты үзбей жалғастырғым келді.

Кітаптағы басты сурет – күн. Ол Қазақстан мен Қырғызстанның туында бар. Сондай-ақ Алатау тауларында кең таралған, ежелгі сақ дәуіріндегі алтыннан жасалған әшекейлердегі ілбіс бейнесі бар. Ол Алматы мен Бішкектің таңбасында бейнеленген. Суретші Ерден осы символдарды екі елді байланыстыратын белгі ретінде алған. Кітап әзірге 500 данамен басылып шықты.

Айжан Сыдықова, 24.KZ, АҚШ