Махмұд Қашқари туралы драма қойылды

Анкарада әлемге әйгілі түркі ғалымы Махмұд Қашқари туралы тарихи драма қойылды, деп хабарлайды 24KZ.

Туындыны Қазақстанның Мемлекеттік Құдыс Қожамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театры сахналады. Оны көруге жергілікті билік өкілдері мен шетел дипломаттары, студенттер келді. Жазушы Экрам Ахметовтың сценарийімен жазылған қойылымда ХІ ғасырда Қараханлыда өмір сүрген ғұламаның ғұмыры баяндалады. Сондай-ақ «Диуани лұғат-ат-түрік» кітабының қалай пайда болғаны айтылады. Бұл тарихи драма 2015 жылы Анкарада ТҮРКСОЙ ұйымы өткізген халықаралық байқауда 109 туындының арасынан екінші орын иеленген.

Сайит Юсуф, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысының орынбасары:

- Бір ғана театрлық қойылым деп айтудың өзі дұрыс емес. Бүгінгі қойылымда 950 жыл бұрынғы тарих пен тұлғамыз жайлы айтылды. Ұйғыр тілінде көрсетілді. Өнерде шекара жоқ. Бәрін түсіндік. ТҮРКСОЙ ретінде осындай іс-шаралардың діңгегі болуды жалғастыра бермекпіз. 

Дильяр Йылдырым, көрермен:

- Керемет кеш болды. Көзіме еріксіз жас алдым. Өте қызықты әрі мазмұнды қойылым болды. Тарих пен өнерді бірге үйлестірген. Ұйғыр ретінде мақтан еттім. Осындай мәдениетке қолдау көрсетіп отырған Қазақстанға мың да бір алғыс.