АҚШ-та 650 мың адам далада түнеп жүр

АҚШ Жоғарғы соты Грантс-Пасс шаһарындағы оқиғадан кейін үйсіздер мәселесіне қатысты істі қарауға кірісті, деп хабарлайды 24KZ.

Сотта тұрғылықты жері жоқ азаматтарға бей-берекет көшеде ұйықтауға тыйым салу мәселесі тыңдалып жатыр. Ал статистикаға сүйенсек, АҚШ-та баспанасыздар саны рекордтық деңгейге жеткен.

Бұл істің басталуына Орегон штатындағы кішкентай Грантс-Пасс қалашығында көшеде түнегендерге 295 доллар көлемінде айыппұл салу түрткі болды. Шара қаладағы саябақтарда көбейген баспанасыздар лагерьлерін шектеу мақсатында қолға алынған. Алайда Калифорния штаты билігі мен батыстағы аймақтар оны конституцияға қайшы деп таныған.

Эйден Хилл, қоғамдық қорғаушы:

- Баспанасыз өмір сүру қылмыс емес. Көшені паналап жүрген азаматтар мемлекет тарапынан қолдауға мұқтаж. Бұл түйткіл айыппұл салумен шешілмейді. Керісінше, мұндай әрекет жағдайды одан сайын ушықтырып жіберуі мүмкін. 

Демократиялық және Республикалық партия өкілдері қайыршылардың лагерьлерін бақылау қиындап бара жатқанын айтады. Сондай-ақ ол жерлерде тазалық жоқтығынынан қоғамға қауіп көп дегенді алға тартады. Бірақ құқық қорғаушы топтар: «Далада түнеген адамдарды жазалауға рұқсат беру үйсіз-күйсіз жүрген жандарды қылмыскерлердің қатарына жатқызумен тең. Мәселені шешу үшін тұрғын үй бағасын реттеуге көңіл бөлу қажет», – дейді.

Анжелита Морилло, Портленд қалалық кеңесіне үміткер:

- Шынымды айтсам, Жоғарғы сот бұл істе үйсіздерге тиімді шешім қабылдайды деп ойламаймын. Билік елде баспана мәселесін шешіп жатырмыз деп айтудан жалықпайды. Бірақ іс жүзінде олай емес. Егер баспана қолжетімді болса, елде көше кезіп, далада түнейтін қаңғыбастар қазіргідей көп болмас еді.

Айжан Сыдықова, тілші:

- Ал Жоғарғы сот іске қатысты шешімді маусым айының соңына дейін шығарып қалуы мүмкін. Жалпы Федералдық мәліметтерге сүйенсек, Америка Құрама Штаттарындағы үй-күйі жоқтардың саны өткен жылы 12%-ке артып, ең жоғары деңгейге жеткен. Қазір елде 650 мыңнан аса адам далада түнейді екен. Сарапшылар: «Бұған үй жалдау құнының күрт өсуі, короновирус пандемиясы кезінде берілген қаржылай көмектің қысқаруы сияқты түрлі жағдайлар себеп», – дейді.

Авторы: Айжан Сыдықова.