Отандастарымыз Лондон марафонына қатысты

Ұлыбритания астанасында Лондон марафоны өтіп, 160-қа жуық мемлекеттен мыңдаған адам қатысты.

Желаяқтардың арасында бір топ қазақстандық бар.

Желаяқтар кәсіби, әуесқой және мүмкіндігі шектеулі спортшылар ретінде бірнеше топқа бөлініп жарысты. Олар бірнеше сағаттың ішінде Лондонның көрнекті орындарының жанынан жүгіріп өтті. Кәсіби желаяқтардың арасынан ерлерден алғашқы болып, кениялық Александр Мутисо Муньо келді. Әйелдерден оның жерлесі, қазіргі олимпиада чемпионы Перес Джепчирчир топ жарып, рекорд орнатты. 

Әуесқой спортшылардың арасында 30-ға жуық отандасымыз болды. Араларында әлемдегі 6 ірі: Бостон, Берлин, Чикаго, Нью-Йорк және Токио марафондарына қатысып, енді міне Лондон көшелерімен жүгіріп өткен желаяқтар да бар. Көпшілігі кәсіпкерлер. Өйткені Ұлыбритания астанасының шыңын бағындырмас бұрын қымбат саяхат шығындарын көтере алулары керек. 

Асхат Рамазанов, Лондон марафонына қатысушы:

- Лондон марафоны өте керемет өтті. Енді біздер Лондон болған соң кішкене ауа-райынан қорықтық. Бірақ ауа-райы бүгін керемет болды. Күн сәулесі, температура жылы болды. Жүгіруге өте ыңғайлы болды.

Ғани Сұлтанов, Лондон марафонына қатысушы:

- 35-шақырымнан кейін қиын болды. Қарқыным баяулап, аяғым тала бастады. Негізінде бұл қалыпты жағдай. Кейбір адамдар тіпті жаяу жүруге көшті. Өз-өзімді жеңіп, соңғы 1,5 шақырымда жылдамдығымды үдеттім. 

Лондон марафонына шетелдіктерге тіркелу оңай шаруа емес. Жарысқа қатысуға жыл сайын жарты миллионнан астам адам ниет білдіреді. Лотореядан ұтқандары ғана 50 мың желаяқтың қатарына қосылады. Қалғандары лицензиясы бар туроператордан орын сатып алуы керек. Қазақстандықтардың көпшілігі Лондонға отбасы мүшелерін бірге ертіп келген. 

Асхат Нұрлыбаев, Лондон марафонына қатысушы:

- Семьямен келгендегі мақсат ең бастысы бала-шаға өскеннен кейін әкесі сияқты жүгірсе екен деген нәрсе. Өскен кезде басқа нәрселерге емес спортқа қызықса екен деген ой. 

Жүгіру туризміне деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Бұл жаңа қаланы көріп қана қоймай, құнды тәжірибе жинауға да мол мүмкіндік. Марафондар тіпті Солтүстік полюсте де ұйымдастырылады. Мемлекеттің экономикалық қуатын күшейтіп, жалпы ішкі өнімнің артуына себепші болатын шараларды Қазақстанда да өткізуге болады, дейді мамандар. Әсіресе еліміздің таулы аймақтарына деген сұраныс жоғары.

Жанат Тұрғынбаев, туристік агенттік өкілі:

- Шетелдіктердің қызығушылығы өте мол. Өйткені олар біздің табиғатқа қатты қызығады. Оларға жаңа жерлер ашу керек. Олар көпті көрген адамдар ғой, негізінде. Шетелдіктер, мысалы, шоссейный марафондардың барлығын жүгіріп қойған. Оларға тауларға келіп жүгіру өте қызық болып тұр.

Лондон марафоны биыл 42-жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Тіпті пандемия кезінде де тоқтатылған жоқ - виртуалды форматта өтті. Қайырымдылық мақсатында жүгіретін желаяқтар жыл сайын ондаған миллион стерлинг фунтын жинап, арнайы қорларға аударады.  

Ғалымжан Қараманұлы