Қазақстандықтардың 2%-ке жуығы өз мүлкін сақтандырған

Бүгінде қазақстандықтардың 2%-ке жуығы ғана өз мүлкін сақтандырған.

Сақтандырушылар қауымдастығы осылай деп отыр. Әрине, бұл – әр азаматтың жеке таңдауы. Баспанадан басқа, тұрмыстық техниканы, жиһазды сақтандыруға болады. Яғни, оларды бүлінуден, табиғи апаттардан, жоғары қабаттан су ағудан, газдың жарылуынан, бұзақылықтан, тонаудан қорғауға болады. Осындай жағымсыз оқиғадан кейін азамат сақтандыру компаниясынан белгілі бір өтемақы ала алады.

Алматылық Әйкерім Бабалықова пәтерінің төбесінен су аққанда баспанасын сақтандыру туралы ойлана бастапты. Шешім қабылдап, қазір мүлкін сақтандырып қойған. Жалпы компаниялар тұтынушыға стандартты және жеке тарифтер ұсынады. Азамат өз еркімен біреуіне таңдау жасайды. Келісімшартта мүліктің қолданысқа берілген жылы, жасалған материалы көрсетіледі.

Әйкерім Бабалықова, қала тұрғыны:

- Біздің елімізде сақтандыру былай қарағанда дамымаған. Көбінесе бәрі банктен кредит алады, ремонт жасайды, ал басқа нәрсені ойламайды. Ертең бір нәрсе болып қалса, бір бәріміз тағы да жүреміз кредит алып, біреуден көмек сұрап немесе мемлекеттен, туысқандарымыздан көмек сұрап, үйімізді жаңадан көтереміз. Сақтандыру болса, онда сақтандыру компаниялары шығындарды өтейді. Бұл өте жақсы, осындай қолжетімді бағада.

Компаниямен келісімшарт рәсімдеген азамат оқыс жағдай болса, бүлінген мүлкінің қандай да бір шығын көлемін қайтарып алуға құқылы. Тәуекелдер мен талаптар алдын ала бекітіледі. Сақтандырудың құны мүліктің нарықтағы бағасына байланысты. Өкініштісі, жылжымайтын мүлікті түрлі апаттан сақтандыруға жеке тұлғалардың қызығушылығы төмен, – дейді мамандар.

Виталий Верёвкин, Қазақстан сақтандырушылар қауымдастығының төрағасы:

- Әдетте белгілі бір оқыс оқиғадан кейін ғана азаматтардың жылжымайтын мүлікті сақтандыруға қызығушылығы оянады. Сол кезде белсенділік артады. Өрт те, су тасқыны да техногендік немесе табиғи апат салдарынан болуы мүмкін. Сақтандыру компаниялары тәуекелдің 3 түрі бойынша тиісті өтеу жолдарын ұсынады.

Егер азамат табиғи апат жиі болатын қаупті аймақта тұрса, сақтандыру соншалықты қажет. Осындай ерекшеліктерге басымдық беретін кейбір елдерде бұл нарық жақсы дамыған. Тіпті бизнес көзі десе болады.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз қарап отырмыз ,әлемде жер сілкініп жатады, су тасқыны, цунами болып жатады, сол кезде көптеген азаматтың, ауыл шаруашылығының, басқасының қаражатын, машақатын өтейтін ол – сақтандыру компаниялары. Бізге де осы нарықты жақсы дәрежеге жеткізу қажет. Оның бірнеше салдары бар: ең алдымен біз болашағымызды жоспарлай бастаймыз. Екіншіден, бір жақсы мәдениет қалыптастырамыз. Жауапкершілік қалыптастырамыз.

Апаттың айтып келмейтінін түріктер жақсы біледі. Бауырлас Түркияда бірқатар өңір сейсмикалық қауіпті деп есептеледі. Осы аймақта тұратын азаматтарға сақтандыру міндетті. Нақты бекітілген тариф те бар. Төлемдер зілзала шығындарын өтеуге бағытталады.

Оя Йағмұр, Анкара қаласының тұрғыны:

- Жер сілкінісі сақтандыруының жарнасы қалтамызға салмақ салады, әрине. Бірақ зілзала болған жағдайда алатын қаражат аяққа тұрып кетуімізге көмектеседі. Тұрмысымызды жалғастыруымыз жеңілдейді. Жылда төлейміз. Мұның қаншалықты маңызды екенін былтыр ақпандағы апат көрсетті.

Сақтандыру саласының тамыры өткен ғасырлардан бастау алады. Сол уақыттан бері ол шет елдерде жетіліп, дамып келеді.

Сарапшылар әзір елімізде сақтандыруды жалпыға бірдей міндеттеу мүмкін емес деген пікірде. Кей азаматтардың әлеуметтік жағдайы көтермеуі мүмкін. Дегенмен мүлікті сақтандыру көкжиегін кеңейтудің уақыты келді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз алдағы уақытта азаматтардың мүлкін сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру жолдарын қарастыруымыз қажет. Дамыған елдерде алапат апаттан келген шығынның басым бөлігін сақтандыру компаниялары өз мойнына алады. Әрине, ол үшін экономика мен қаржы жүйесін одан әрі дамытып, қоғамда тиісті мәдениет қалыптастыру керек. Үкімет бұл мәселемен айналысуы керек деп санаймын.

Рухани Асқар, тілші:

- Былтыр Түркия мен Сирияда болған жер сілкінісінен кейін қазақстандықтардың жылжымайтын мүлікті табиғи апаттардан сақтандыруға деген қызығушылығы аз да болса артқан. Мамандар осылай деп отыр. Сақтандыру компаниялары тұтынушыларға жылжымайтын мүлікті қорғаудың сенімді және тиімді құралдарын ұсынады. Мүлікті сақтандыру қызметі Алматыда әлдеқайда жоғары сұранысқа ие екен. Сондай-ақ үздік үштікте Астана мен Қарағанды бар.

Авторлары: Рухани Асқар, Қарлығаш Қайыпбекова, Меруерт Қанағат.