Қазгидромет: 8 градусқа дейін суытады

Бүгіннен бастап елдің оңтүстік жартысы мен солтүстік-батысында күн күркіреп, қар аралас жаңбыр жауады.

Қазгидромет мамандарының мәліметі бойынша оңтүстікте жел күшейіп, бұршақ жаууы да ықтимал. Арктикалық ауа массаларының келуінен солтүстік, солтүстік-батыс және шығыста ауа температурасы түнде 8 градусқа дейін суытады. Ал күндіз 13 градус шамасында жылы болмақ. Ал Арқада түнде 5 градусқа төмендесе, күндіз 5-15 градус жылы.

Афродита Пірімжар, «Қазгидромет» РМК бірінші санатты инженері:

- Оңтүстік циклонның әсерінен 25-27 сәуір аралығында еліміздің оңтүстік жартысында, 25 сәуірде еліміздің солтүстік-батысында ауа райы жаңбырлы, қиыр солтүстік-батыста түнгі уақытта жауын-шашын жаңбыр мен қар түрінде болады. Республиканың оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында қатты жаңбыр жауады, найзағай, бұршақ, дауылды ауа райы күтіледі. Басқа аймақтарда антициклон жотасы әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Республика бойынша екпінді жел, түнгі уақыттарда солтүстік және шығыс аймақта тұман күтіледі.