Тоқаев: Бұл – менің президенттік әрі перзенттік парызым!

Тоқаев: Бұл – менің президенттік әрі перзенттік парызым!

«Біз алдағы уақытта азаматтардың мүлкін сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру жолдарын қарастыруымыз қажет».

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде осылай деді.

Дамыған елдерде алапат апаттан келген шығынның басым бөлігін сақтандыру компаниялары өз мойнына алады. Әрине, ол үшін экономика мен қаржы жүйесін одан әрі дамытып, қоғамда тиісті мәдениет қалыптастыру керек. Халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің басты міндеті болып қала береді. Әділетті Қазақстанды құру тұжырымдамасы – құр сөз емес, нақты жүзеге асырылып жатқан шаруа. Ол үшін нақты шаралар қабылданып, жаңа мүмкіндіктерге ұдайы жол ашылып жатыр. Мысалы, менің Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы 4 инфрақұрылымдық бастамамның аясында 1 мамырдан бастап «Наурыз» атты жаңа ипотека бағдарламасы іске қосылады. Оны іске асыруға 8 жыл ішінде 1,7 триллион теңге жұмсалады. Соның нәтижесінде 70 мыңға жуық отбасы баспаналы болады – деді Тоқаев.

Қазіргі күрделі кезеңде елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау – ең басты міндет.

Біз қоғамға іріткі салатын әрбір әрекетке тосқауыл қоямыз. Мен бұрын да айтқанмын, қазақтың мемлекеттігіне қарсы кейбір теріс пиғылды адамдар қарап отырмайды. «Атың шықпаса, жер өрте» деген. Олар қоғам ішіне іріткі салу үшін әлеуметтік желіде түрлі қитұрқы әрекеттерге баратыны анық. Бір сөзбен айтсақ, халық арасында жалған мәлімет таратады. Сондықтан бәріміз кез келген ақпаратқа сын көзбен қарап, тек ресми мәліметтерге сүйенуіміз қажет – деді Мемлекет басшысы.

Жұртымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте қайсарлық танытып, ынтымағын сақтай білген. Жанашырлық, тілеулестік сияқты адами қасиеттерді бәрінен биік қойған.

Біз тарихтың тағы бір сынағынан өтіп жатырмыз. Бірнеше апта бойы халқымыздың бірлігі мен табандылығы және теңдессіз табиғат апатын абыроймен еңсеру қабілеті сынға түсуде. Кез келген дағдарыс біз үшін сынақ қана емес. Ол әрқайсымыздың бойымызда бұғып жатқан күш-қуатымыз бен қарым-қабілетімізді ашып, тың мүмкіндіктер береді. Еліміздің өркендеуіне кедергі келтіретін нәрсенің бәрі, ерте ме, кеш пе, тарих қойнауына еніп, келмеске кетеді. Ендеше, қазіргі табиғат апаты байбаламға салып, өмірден түңілетіндей нәрсе емес. Өсіп-өркендеу жолында түрлі кедергі кездеседі. Бірақ оның артынан жақсылық келеді. Бұл алапат тасқын біз үшін жалған жетістікке алданып, «зая кеткен кезеңнен» ажырайтын жолайрық болуға тиіс – деді Президент.

Қазақта «Алпыс күн тасыған дария, алты күнде қайтады» деген сөз бар. Көп ұзамай қарғын су кетіп, жұрт күнделікті өмірге оралады.

«Әр қиындықтың қайыры бар» дейді халқымыз. Біріншіден, тасқын кезінде ел бірлігі нығая түсті. Арқадағы ағайынға, Жайықтағы жұртқа бүкіл Қазақстан халқы көмектесуге ұмтылды. Апат аймағында тұратын адамдар барша отандасымыздың шынайы жанашырлығын сезінді. Екіншіден, елдің жағдайын жақсарту үшін ешкім қиындықтың келуін күтіп отырмайтыны анық. Дегенмен, мұндай апаттар біраз шаруаны шұғыл қолға алуға себепкер болады – деді Мемлекет басшысы.

Тасқын аяқталған соң кейбір ауылдар тың жерге қоныстанып, жаңадан бой көтереді. Жол салынады, су тартылады.

Ауылдарымыз мүлде жаңа келбетке ие болады. Жалпы, әлемдегі үлкен дағдарыстардың қарқынды дамуға жол ашатыны белгілі. Қазіргі алапат тасқын да, түптеп келгенде, елімізге оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Сын сағатта жұдырықтай жұмылған жұртымыз осы қалпында өрлеу, жаңғыру кезеңіне қадам басады. Бәрі де жақсы болады. Бәріміз – бір елдің азаматымыз. Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз – деді Тоқаев.

Біздің мақсатымыз – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру.

Мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін қорғауды Президент ретіндегі ең басты міндетім деп санаймын. Осы қастерлі міндет Әділетті Қазақстанды құру және белсенді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізу арқылы ғана орындалады. Биік мақсатқа жету үшін түрлі кедергіден өтеміз, барлық қиындықты жеңеміз. Ауқымды міндеттерді орындаймыз. Біз еліміздің басты құндылықтары мен бағыт-бағдарынан айнымаймыз. Мемлекеттілігімізді нығайтып, тәуелсіздік туын әрдайым биік ұстаймыз. Мен бұған нық сенемін және сол үшін бәрін жасаймын. Бұл – менің президенттік әрі перзенттік парызым – деді ол.

Салтанатты жиында Республикалық тәжік этномәдени орталығының төрағасы Акбаржон Исмаилов, ҚХА Төрағасының орынбасары, Қазақстан корейлері қауымдастығының президенті Юрий Шин, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаев, Қарағанды облысындағы «Ассамблея жастары» ұйымы өкілдігінің төрағасы Александр Урмашов, Жетісу облысындағы Достық үйінің директоры Руфина Усанова сөз сөйледі.